Қаржы министрі: Онлайн төлем көлеңкелі экономиканы төмендетеді

Қолма-қол ақысыз төлемдердің артуы көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетеді.

Қаржы саласында болып жатқан соңғы жаңашылдықтар, оның ішінде онлайн-төлем жүйесінің дамуы көлеңкелі экономикаға тосқауыл бола алады.

««Kaspi Bank» АҚ қаржылық операция кезінде комиссиясыз, жеңілді әрі жайлы жағдай туғызып, тұрғындар арасында және бизнесте үлкен танымалдыққа ие болды. Қаржы министрлігі осындай аудармалардан ешқандай қосымша төлем алмайды әрі салық салмайды, әсіресе жеке тұлғалардың қолма-қол ақысыз жасаған аудармаларын тексеру жоспарланып отырған жоқ. Жалпы қолма-қол ақысыз төлемдер көлеңкелі экономиканы төмендетеді», – деп атап өтті ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол қаржы саласындағы бірқатар жоспарларын бөлісіп, кәсіп иелеріне арналған жеңілдіктерге тоқталды.

«2020 жыдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнес 3 жыл бойы салықтан және тексерістен босатылады. Ол арнайы әлеуметтік салық режимін пайдаланатын, оның ішінде патент пен оңайлатылған декларация қолданатын кәсіпкерге қатысты», – дейді Ә.Смайылов.

Аталған жұмыстардан бөлек, кәсіпкерлер үшін де жаңа өзгерістер орын алатын болады.

«Кәсіпкерлік қызмет ашық болуы керек. Нақтырақ айтқанда, заң бойынша олар фискалды түбіртек беруі қажет, ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн кассалық-бақылау машинасын қолданға міндетті. Сол себептен Kaspi-ді қолдану кәсіпкерлерді аталған міндеттемелерден босатпайды. Ал түбіртектің болуы тұтынушылар құқығын қорғау үшін маңызды», – деді ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қолма-қол ақысыз төлем жасауды жүзеге асыру бойынша банктермен бірлесіп, заманауи инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынған.

«Бүгінде Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің кірісін әкімшіліктендіру мәселесін пысықтап жатыр. Ол әсіресе өз бизнесінде аударма жүйесін көп пайдаланатын кәсіп иелеріне қатысты болып отыр. Мәселен, онлайн бақылау-кассалық машинасы мен автоматты түрде толтыру және салық есебін жіберу функциясы бар POS-терминалдарды біріктіру арқылы кірісті әкімшіліктендіруге болады. Бұл пилоттық жоба алдағы жылы Kaspi bank-пен бірлесе жүзеге асады», – деп атап өтті ведомство басшысы.

ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі қолма-қол ақысыз төлем 2 есе (8,9 трлн. теңге) өскен. Қазақстандағы қолма-қол ақысыз операциялар көбіне POS-терминалдар және мобильді банкинг арқылы жүзеге асады екен.