Өтірік техосмотрді тоқтататын болды

Техосмотр бүгінде ақша табудың жолы ғана болып қалды. Оны жөнге салғанға дейін техосмотрдан өткізуді тоқтата тұру қажет, деді бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің антикоррупциялық саясат департамент директоры Данияр Сабырбаев, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

— Мойындау керек, қазір техосмотр өзіне жүктелген функцияны орындап отырған жоқ. Бүгінде техникалық байқау біреулер үшін қосымша табыс, көлік жүргізушілері үшін артық жүктемеге айналды. Ешқандай негізі жоқ формальды нәрсе болып кетті, — деді Сабырбаев.

Агенттік техникалық байқаудың германиялық, грузиндік және қытайлық үлгілерін зерттеген екен.

— Біз осы мәселе бойынша азаматтық қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынамыз. Қоғаммен бірге ақылдасып, бір модельді таңдау керек. Техникалық байқау өзінің негізгі міндетін шын атқаратындай болатын тетіктер табуымыз қажет, — деп қосты ол.

Мәселен, «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабайдың айтуынша, Алматы облысында техосмортдан өтті деген қағазды WhatssApp арқылы сатып алу дерегі кездескен.

Техникалық байқаудан бұлай өте беру заңға қайшы, оның үстіне жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіріп, халықты сыбайлас жемқорлыққа итермелейді.