Алматыда жылу құбыры жарылды: адамдар, пәтерлер мен көліктер зардап шекті

Алматының коммуналдық қызметі Пушкиен көшесіндегі жылу магистралінің жарылу салдарын жоюда, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Алматы жылу жүйелері» ЖШС өкілдерінің хабарлауынша, жарылыс бүгін, 10 сәуір күні, сағат 4:14 Пушкин көшесімен өтіп жатқан жылу магистралінің Төле би көшесінің жоғарғы жағындағы аумағында орын алған.

— Жарылыс диаметрі 500 мм болатын құбырдың ескіруі нәтижесінде болды, ол 1993 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Ыстық судың атқылау салдарынан төрт тұрғын жапа шегіп, олар ауруханаға жеткізілді, — деді жылу жүйесіндегілер.

Сонымен қатар көп қабатты тұрғын үйдегі жеті пәтер мен соның жанындағы тұрақта тұрған сегіз автокөлікке залал келген.

Шығын көлемі есептелген соң мекеме есебінен заңды түрде жапа шеккен адамдар мен залал келтірілген заттардың иелеріне өтемақы төленетін болады.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 сәуір сағат 16:00 аяқтау жоспарланып отыр.