«Jastar jalyny» жастар форумы: табысқа бастар жол 

Елорда «Jastar jalyny» форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, жастар ұйымдарының көшбасшылары, сондай-ақ табысты кәсіпкерлер, спортшылар мен блогерлер қатысты.

Форумда сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, жастық шақта уақытты дұрыс пайдалана білу маңызды екендігін атап өтті.

«Астана – бұл үлгі алатын қала. 20 жылдың ішінде Астана еліміздің дамуының , табысқа жетуінің символына айналды. Бүгінгі таңда біздің қалада жаңашылдыққа өте көп мүмкіндік жасалуда. Сіздердің жетістіктеріңіз өздеріңіздің қайрат-жігерлеріңізге, арманға жетем деген сенімге  байланысты. Егер сіз жаңашылдыққа, білімге, жақсылықты үйреніп білімді жетілдіруге құштар болсаңыз сіз қашан да жоғары бағаланасыз. Қымбат уақыттарыңызды білім алуға, жаңа, жақсы дүниені үйреніп, білуге жұмсаңыздар», — деді Е. Аманшаев.

Сонымен қатар, ол Қазақстан білім беруге, бәсекеге қабілеттілікке, прагматизмге, ұлттық сәйкестілікті сақтауға, мәдени білімге, эволюциялық даму және сананың ашықтығына бағдар алғанын айтты.

Шараға елімізге танымал, жастарға үлгі болар түрлі сала өкілдері, оның ішінде, тележүргізуші Динара Сәтжан, 2Gis Астана жобасының негізін қалаушы Андрей Судаков, паралимпиадалық спортшы Серік Есматов, 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы Нұрлан Өтешев, «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының төрағасы Арслан Дәрімов, «Rocket Study» жобасының жетекшісі Алпамыс Шәрімов сияқты 20-ға жуық қонақ шақырылған.